Аймақтар • 03 Қараша, 2017

Солтүстік Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт жарыс өтті

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде интеллектуалдық ой-өрісі  кенжелеп қалған әуесқой спортшылар арасында жеңіл атлетикадан алғаш рет өткен жарысқа «Спешиал Олимпикс» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

Солтүстік Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт жарыс өтті

Оның бас директоры Ольга  Бахареваның айтуынша қамқоршы ұйымның негізгі мақсаты осы санаттағы адамдарды спорттық іс-шараларға тарта отырып белсенді айналысуға,  сауықтыруға,  дені сау, күш-қуаты кемел  тұрғылыстарынан кем сезінбеуге ұмтылдыру, әлеуметтік және рухани дем беру  болып табылады. Биыл  бірлестіктіктің құрылғанына  ширек ғасыр толып отыр. Осы уақыт бедерінде кембағал жандар көптеген ірі байрақты  жарыстарға  қатысып, 250 алтын, 147 күміс, 150 қола медаль жеңіп алған. Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктер де аз емес. Өкінішке қарай Қазақстанда ой-санасы тежеліп, түрлі  дертке шалдыққан 150 мыңға жуық бала болса, 18 мыңы ғана спортпен жүйелі түрде  шұғылданатын көрінеді.

Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет тағдырдың ауыр тауқыметіне мойынұсынбаған, оған қарсы  қайсарлықпен  күресе білген жандарды  жұмысқа орналастыру, жеңілдікті бағдарламаларға қатыстыру, тағы басқа  жағдайлар тудырылғанын айта келіп, олардың еңбекпен қатар спорт, өнер салаларында  белсенді қимыл танытып жүргендерін атап көрсетті.  

Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледждінің студенттері Дмитрий мен Евгений Сабирхузиндер былтыр Австрияда өткен шаңғы жарысында қола  медаль иеленген.  АҚШ-та ұйымдастырылған дүниежүзілік жазғы  «Спешиал Олимпикс» турнирінде бес солтүстікқазақстандық  күміс жүлдегер атанған.

Даун науқасымен ауыратындар және психологиялық ауытқулары бар спортшылар екі топқа бөлініп әрі жас ерекшеліктеріне қарай қысқа қашықтықтарға жүгірді. Ұзындыққа секіріп, доп лақтырды. Эстафеталық сайысты қыздырды.  

Жалпы командалық есепте  Солтүстік Қазақстан облысы  жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Екінші,  үшінші орындарды жамбылдықтар мен павлодарлықтар еншіледі.   Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

 Солтүстік Қазақстан облысы